2019 жылғы 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетімен бірлесіп   өткізілген  «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» атты ғылыми-теориялық конференцияның қарары

Ғылыми-теориялық конференцияға қатысушылардың баяндамалары мен ұсыныстары ескеріле отырып, төмендегідей Қарар қабылданды:

Қазақстан Республикасы Үкіметіне:

- Барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған терминдердің жүйелі түрде бірізді қолданылуын қадағалау;

- құрамына тікелей кәсіби сала мамандары қамтылған салалық терминологиялық секциялардың жұмыстарын жандандыру және салалық терминдерді дайындау жөніндегі жауапкершілікті күшейту;

- жергілікті атқарушы органдардатерминологиялық жұмыстарды жандандыру мақсатында терминологиялық секциялық топтардың жұмысын ұйымдастыру;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының жұмысын жүйелі қаржыландыру мәселесін қарастыру;

- терминологиялық жұмыстардың ғылыми-сараптамалық жағын күшейту, нәтижелердің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының бірлескен қызметін қамтамасыз ету.

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне:

- терминологиялық жұмыстарды жүйелеу, терминдердің бірізді қолданылуын жүзеге асыру мақсатында «Termincom.kz» сайтының көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдерді және бірінші кезекті  терминологиялық сөздіктерді  жаңа әліпбиде  әзірлеу және  шығару;

 

Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігіне:

- жоғары білікті терминтанушы ғылыми кадрлар мен практик терминші мамандар даярлау; 

- ЖОО-да терминтанушылар мен сала мамандарына арналған арнайы курстар ұйымдастыру оқытушы-профессорлар құрамының және журналистердің терминологиялық біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру;

- 2020-2022 жылдар аралығында базалық, бастауыш білім беру терминологиясының латын графикасына негізделген қолданыс аясын нақтылап, 1-4, 5-9, 10-11 кластарға арналған біріздендірілген  терминологиялық сөздік әзірлеу;

- 2023-2025 жылдар аралығында қоғамдық және әлеуметтік ғылымдар, техника ғылымдары, жаратылыстану ғылымдарының салалары бойынша латын әліпбиі негізінде көптомдық салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеу және шығару.

 

  • Ашық үкімет
  • Общественная приемная акима области
  • DAMU